Главная » 2011 » Ноябрь » 2 » Ел қорғаушыларды қорғау керек
16:01
Ел қорғаушыларды қорғау керек
Әр мемлекеттің әскері болуы – заңдылық. Біздің елде де Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Қарулы Күштері құрылды. Бұрын Кеңес үкіметінің құрамында болған кездері әскери қызметте өзге ұлт өкілдерінің көп болғаны белгілі. Кеңес үкіметі тараған соң, көптеген әскери мамандар көрші Ресейге қоныс аударып, әскери қызметкерлер қатарын өзіміздің қаракөздерден қайта жасақтадық. Жастарымызды әскери қызметке баруға үндедік. Шама-шарқымыз келгенше жағдай жасайтынымызды да жасырмадық. Жасап та келеміз. Десек те, ел тыныштығын қорғап жүргендерді әлеуметтік қорғау мәселесінде тез арада шешілуі тиіс түйіндер де жоқ емес.

Осындай әлеуметтік мәселемен бетпе-бет келген әскери қызметкердің айтуына қарағанда, мұндай екіұдай жағдай туындауына заң кінәлі болып отырған көрінеді. Өйткені Қазақстан Республикасында «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 60-бабында денсаулығына немесе қысқартылуға байланысты қызметтен босаған, жалпы еңбек өтілі 25 жыл, оның ішінде әскери қызмет саласын­дағы үздіксіз еңбек өтілі 12 жыл 6 айды құраған қызметкердің еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнеткерлік төлемдерге қол жеткізе алатыны айтылған.
Алайда 48 жастағы, жалпы еңбек өтілі 28 жыл, оның ішінде әскери саладағы үздіксіз еңбек өтілі 12 жыл 8 айды құрап отырған, денсаулығына байланысты жұмыстан босаған әскери қызметкер ондай төлемге қол жеткізе алмаған. Яғни жалпы талаптағы еңбек өтілі жеткілікті болғанмен, 1998 жылдың 1қаңтарына дейін әскери салада еңбек өтіліңіз болмаса, сіз еңбек сіңірген жылдарыңыз үшін төленетін зейнеткерлік төлемдерге қол жеткізе алмайсыз. Демек, бұл азамат (63 жасқа толғанша) 15 жыл бойына зейнетақы жинақтау қорында жинаған қаржысын қолжалғау қылуы керек. Ал әскерилердің жалақысының қомақты емес екенін ескерсек, қорда қанша қаржы қордаланғанын ша­малау қиын емес. ҒАДІЛБЕК, денсаулығына байланысты қызметтен босаған әскери маман: – Менің жасым 48-де. 1998 жылдың қаңтар айынан 2011 жылдың қыркүйек айының соңына дейін үздіксіз әскери қызмет атқардым. Таяуда денсаулығыма байланысты қызметтен босадым. Еңбек сіңірген жылдарым үшін зейнеткерлік төлемдерге қол жеткізе алмай отырмын. Зейнет­ақымен қамтамасыз ету туралы заңның 60-бабында «жалпы еңбек өтілі 25 жыл,оның ішінде 12,5 жыл үздіксіз әскери қызмет атқарған мамандарға зейнеткерлік төлем төленеді» делінген. Менің жалпы еңбек өтілім – 28 жыл, әскери саладағы еңбек өтілім – 12 жыл 8 ай. Алайда маған зейнетақы төлемейміз деп отыр. Зейнетақы тағайындау орталығына барсам, «Заңның 65-бабына сәйкес, сізге Зейнетақы жинақтау қорындағы жиналған ақшадан ғана төленеді», – дейді. Сонда заңның қай бабына сену керек? Қордағы жинақталған ақша бір миллион екі жүз мың­нан сәл ғана асады. Мен оның жартысын алуға құқылы екенмін. Яғни 600 мыңдай. Мұны әр айға бөлсек, 63 жасқа толғанға дейін айына 3335 теңгемен күнелтуім керек екен. Ал мен енді жа­сыма, денсаулығыма байланысты жұмыс істей алмаймын. Ауру адамды кім жұмысқа ала қояды? Енді не істеу керек екенін де білмей қалдым.
Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық мамандарының айтуына қарағанда, бәрі де заң аясында амалға асырылып отыр.
Ресми деректерге жүгінсек, Қорғаныс саласына 2012 жылы 340 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. Бұл 2011 жылдың жоспарлық көрсеткіштеріне қарағанда 81 млрд теңгеге немесе 23,8 пайызға артық. Оның ішінде қорғаныс саласындағы өсім 6,7 млрд теңге, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою саласында 14 млрд теңгені құрайды. Дұрыс-ақ.
Десек те, «қорғаныс саласына осынша ақша бөле отырып, ел қорғауға қызмет етіп, денсаулығын жоғалтқан қызметкерлердің жайын ескерусіз қалдырып отырған жоқпыз ба?» деген сауал туындайды. Себебі 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейін әскери қызметке орналасып, бүгінде денсаулығына байланысты қызметтен босағандарға зейнеткерлік төлемақы тағайындалмайды. Ал олардың басқа жұмысқа орналасуы екіталай. Яғни олардың ертеңгі күні күңгірт.
Бәлкім, заңның кейбір тұстарына өзгерістер енгізіп, денсаулығына байланысты әскерден босатылғандарға зейнетақы тағайындауды жеңілдету керек шығар?! Оларға ел тыныштығын күзетуде сіңірген еңбегі үшін ақы төлесе, мемлекет кедей болып қалмас?! Мемлекет үшін бұл шығын – теңіздегі тамшыдай ғана, ал денсаулығын жоғалтып, қызметтен айырылған адам үшін ол – үлкен көмек.
bq. Дерек 2010 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі әскери бюджеті ТМД елдері арасындағы ең төменгі көрсеткіш болған. ТМД елдері арасында әскери шығындары бойынша бірінші орында Грузия (ЖІӨ 4,56 пайызы) тұрса, одан кейінгі орындарда Армения (4,07 пайыз), Әзірбайжан (3,95 пайыз), Өзбекстан мен Украина (3,5 пайыз) болып отыр. Ал Қазақстанның әскери доктринасына сәйкес, қорғаныс саласының шығыстары ЖІӨ-нің 1 пайызынан кем болмауы тиіс. Бірақ Қорғаныс министрлігінің бюджеті соңғы үш жыл бойынша бұл нормаға сәйкес келмеген екен. 2008 жылы 140,1 млрд теңге (ЖІӨ-ге – 0,92 пайыз), 2009 жылы 139,3 млрд теңге (0,83 пайыз), 2010 жылы 166,4 млрд теңге (0,96 пайыз).

Автор: Қалдар БЕК
01.11.2011 13:32,
Алаш Айнасы – Республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет
Категория: Казахстанские военные новости | Просмотров: 712 | Добавил: Marat | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Статистика

Онлайн всего: 3
Гостей: 3
Пользователей: 0
Календарь