Главная » Статьи » От Казахского ханства до Октябрьской революции » Военная история Казахского ханства

Жоңғар қалай жойылды?
Тұтас бір халықтың жер бетінен жоғалып кеткеніне 250 жыл толыпты…
Зымыран уақыт қазақ тарихына тікелей қатысы бар бір оқиғаны қалың бұқараның назарынан тыс қалдырғандай. Осыдан 250 жыл бұрын Цинь империясының бізге жоңғар, қалмақ немесе ойрат деген атпен мәлім тұтас бір халықты жер бетінен жойып жіберген қырғыны аяқталды. Сөйтіп, біздің байырғы бақталасымыз Орталық һәм Шығыс Еуразияның саяси картасынан жоқ болып кетті.

«Жоңғар» атты тұтас бір халықты қамшының сабындай қысқа уақытта жойып жіберу – ұлан-ғайыр даланың тарихында тосын құбылыс. Рас, одан бұрынырақ осы тақылеттес жайттар ежелгі түрктердің жужандарды дүрелеуі, сондай-ақ жұртқа жақсы мәлім Шыңғыс ханның татар тайпасын қырып салуы сияқты төтенше оқиғалар болған. Бірақ XVIII ғасыр үшін мұндай нәубет алабөтен еді. Оның үстіне, қадым дәуірде «дүрелеу мен жойып жіберу» шартты ұғым-тұғын. Бұл көбіне ежелгі дұшпанды тізе бүктіруді айғақтайтын. Жеңімпаз қатын-қалаш пен бала-шағаға тимейтін. Сағы сынғандардың бір бөлігі жаңа қожайынға құлдық ұрып, ескі тіршілігін жалғастыра береді. Алайда әйел, бала демей, жоспарлы түрде тұтас бір ұлысты найзаның ұшына іліп, қылышпен кескілеу бұрын ешкімнің миына келмепті.
Сөз жоқ, мұндай қырғын тек мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылуы мүмкін. Суша аққан адам қаны Цин империясына жүктелді. Бұл патшалықты содан бір ғасыр бұрын Қытайды жаулап алған манчжурлар құрды. Тұңғыс тіл тобына жататын осы халықтың Отаны бүгінгі Ресейдің Таяу Шығыс өлкесі екен. Міне, сол манчжурлар жаналғыш жасақты құрап, оған қазіргі Ішкі Моңғолия мен Халхадан мұңғұлдары (моңғол) тартылды.
Ежелгі дұшпан Шамамен XV ғасырдың алғашқы жартысы, тіпті XVI ғасырдың басында батыстағы ойраттарға қарасты батыс мұңғұл тайпалары сол тұстағы алып даладағы түркі жұрты қырым татарлары, ноғайлар, қазақтар мен көшпенді өзбектер, Шығыс Түркістандағы моғол да, қырғыз бұрыттар үшін ең әккі әрі бітіспес жауға айналды. Өздерімен туыстас Халха, Мин және Цин империясын билеген мұңғұлдар да ойраттармен кескілескен шайқас жүргізді.
Ойраттардың тарих сахнасына дербес күш ретінде шығуы XV ғасырдың соңында Қытайдағы Юань мұңғұл империясының күйреуімен тұспа-тұс келді. Қытай көтерілісшілерінің тегеурініне шыдамай, Моңғолияға шегінген Юань императоры мен жасақ біраз уақыт жалпымұңғұлдық тұтастығын сақтап тұрды. Бірақ сол кездің өзінде ойрат тайпалары мұғұл қауымынан дараланып тұратын. Бәлкім, олардың мұғұл иелігінен жырақта дала мен орман шектескен мекенде тұруы да бұған әсер еткен шығар. Шыңғыс хан күллі Моңғолиядағы барлық ұлысты араластырып жібергенде, ойраттар «орман халқы» деп аталатын. Олар біртұтас мұңғұл мемлекетін құру ісіне, оның жаугершілік жорықтарына белсене қатысқан жоқ. Әйтсе де ойрат жасағы сол дәуірде түрлі мемлекеттердің саяси өміріне араласып тұрды. Айталық, Хорасан уәлаятын билеген Арғұн шаһтың қоластындағы ойраттар Иранның соңғы илханы (елхан) Тоға Темірді таққа отырғызды. Рас, бұл ойраттар түркі тілінде сөйлеп, мұсылмандықты ұстанды. Олар Шыңғыс мемлекеті күйреген тұста пайда болған басқа ұлыстардан ерекшеленбейтін. Асылы, бұл – басқа хикая.
Батыс Моңғолияны мекендеген ойраттар мұңғұл тілін және буддизмнің ламаизм бағытын ұстанған. XIV ғасырдың бас шенінде ойраттар Тоған мен Эсен хандар тұсында Моңғолияны жаулап алып, Қытайдың Мин империясына салық төлеуге мәжбүр етті. Сол кездері ойраттар Орталық Азияға алғашқы жорығын жасап, 1452 жылы Ташкентте көшпенді өзбек мемлекетін, яғни Әбілхайр хандығын, құлатты. Моңғол хандығының күйреуінің тарихта маңызы зор. Дәл осы оқиғадан кейін Керей мен Жәнібек Жетісуда мекендеген бірқатар руларды Әбілхайырдан бөліп, алғашқы қазақ хандығын құрады. Бұл атырап Моғолстан мемлекетіне қарасты болғандықтан, қазақтар мұңғұлдардың ойраттарға қарсы күресіне атсалысуға тиіс еді.
Шығыстағы мұңғұл хандығының XVI ғасырда ойраттарға қарсы жүргізген күресі жеңіспен аяқталды. Ойраттар батысқа қарай шегінді. Олар өз кезегінде моғолдар мен қазақтарды батысқа қарай тықсыра берді. XVII ғасырдың басында ойраттар Ертіс бойын жағалап, Шығыс Түркістандағы мұғұл мемлекеттеріне вассалдық салық төлеттірді. 1634 жылы Хо Өрлік бастаған ойраттардың торғауыт пен дербет тайпалары Еділ мен Жайық өзендері аралығына өтіп, ноғайларға шабуыл жасады. Ноғайлардың алғашқы легі Солтүстік Кавказға қарай беттесе, екінші жартысы Хо Өрлік ұлысының құрамына енді. Ал үшінші жартысы қазақтарға қосылды. Еділ жағалауындағы ойраттар «қалмақ» деген атаумен танылды. Жүз жыл көлемінде қайта құрылған қалмақ хандығы Еділдің екі жағалауында да өз үстемдігін орнатты. Дәл осы уақытта шығыста ойраттардың чорос, хойт, хошоут және дербет тайпалары Батыр Қонтайшы басшылығымен Жоңғар хандығын құрды. Жаңа құрылған хандық шығыс мұңғұлдары, қытай және қазақтармен күрес жүргізді. Батыста қалмақ, шығысында жоңғар хандықтарының қыспағында болған қазақтар осылайша стратегиялық қоршауда қалды. Сонымен қатар осы уақытта ойраттардың қысымында қалған мұғұлдар мен ноғайлықтар жер аударып, кетулеріне тура келді. Ойраттар мен қазақтар арасындағы соғыс бір ғасыр бойы жалғасты. Сондай-ақ бұл екі ел арасында болған күрестің ерекшелігі – өзара шайқасып жатса да, бір-бірінен қыз алысып, ара-тұра бейбітшілік өмір кешті. Сол жылдары қазақ тайпалары жоңғарлардың қарамағына өту қаупінде тұрды. Бірақ шығыс жоңғарлар мен батыс қалмақтар қазақ ұлысының құрамына кірген. XVIII ғасырдың басында жоңғар билігінің күші одан ары артты. Оған дәлел – Жоңғар хандығының шығыс пен батыс беткейін қоныстанған қазақты жаулап алуы. Нәтижесінде Қазақ хандығы ыдырап, Орталық Азия, Жайық, Еділге қарай қоныс аударды. Бұл әскери жеңіліс ашаршылықпен тұспа-тұс келгендіктен, қазақ бар қиын-қыстау кезеңді бастарынан өткерді. Сол себептен де бұл кезең тарих бетіне үлкен қара дақ болып түсті. Жоңғар хандығы Ташкент пен Сырдария жағалауындағы қалаларды басып алды. Жоңғар хандығына манчжур Цин империясынан қауіп төнгенде, олар Орталық Азияға шабуыл жасап, сол жаққа қарай ығысты. Қытайлар жоңғарларға қарсы шыға алмағандықтан, батыс жақтан көмек сұрауға мәжбүр болды. Осы кезде Орталық Азия шекарасында жоңғарлар мен қалмақтардың қыспағында қалған қазақтардың жағдайы қиындады. Қазақ тайпасының жарым бөлігі бұл жерден кетулеріне тура келді. Кейбір орта жүздің қыпшақтары Ферғанаға көшті. Тіпті олар сол жерге орнығып, Қоқан хандығының билігіне араласа бастады. Қырғыстанның қазіргі Президенті Құрманбек Бакиев сол қыпшақ елінің ұрпағы болып табылады. Ал Орталық Азияда қалған қазақтар жоңғарларға соққы жасап, шығысқа қарай шегінді. Жоңғар хандығы сол кездері Шығыс Қазақстан, Қарқаралы аумақтарын жаулап алған. Батыста қалмақтар Жетісу, Еділ, Жайықты бақылап отырды.
Нәубет заман

Бұл кезең жоңғардың ұлы ханы Қалдан Серен қайтыс болуымен басталады. Ұлы хан қайтыс болғаннан кейін жоңғарлардың өзара таққа таласуы біршама жауынгерлерден айырылуға әкеп соқты. Қалдан Серен мұрасын ортаншы ұлы Цеван-Доржи-Аджеге қалдырған. Ол 1746 жылы таққа отырады. Алайда 1749 жылы үлкен ағасы Лама-Доржи інісін тақтан тайдырып, хан тағына кіші інілері Цеван-Даши отырады. Шаңырақтың үлкені мен кенжесiнің астыртын келісімін біліп қойған Лама Доржи кіші інісін өлтіргізеді. 1751 жылы Цеван-Доржи Давацидің ұлы мен хойт тайпасының басшысы Амурсана орта жүздің ханы Абылайға қашып барады.
1753 жылы Абылай ханның көмегімен Даваци мен Әмірсана Ламу-Доржиді өлтіреді. Нәтижесінде, хан тағына Даваци отырады. 1754 жылы Әмірсана Давациға қарсы соғыс ашады. Абылай хан Давациге Әмірсана әскерін жеңуіне көмектеседі. Нәтижесінде, Әмірсана Қытайға қашып кетеді. 1755 жылы Цин империясы жоңғарларға қарсы әскер жібереді. Оның құрамында Әмірсана да болған. Шайқаста Даваци қайтыс болып, орнына 1756 жылы Әмірсана отырады. Алайда оның мұнысы да ұзаққа бармайды. Сол жылы Әмірсана Абылай ханның қоластына өтеді. 1756 жылдың шілде айында жоңғар хандығына қауіп төнеді. Манчжур, мұңғұл, солон әскерінен тұратын бес манчжур бір мұңғұл генералы бастаған армия Жоңғарияға басып кіріп, жергілікті тұрғындарды біртіндеп жоя бастайды. Сол жылдың тамыз айында манчжур әскері Абылайханға да соғыс ашады. Алайда жорықтары сәтсіз аяқталып, жеңіліс табады. Әмірсана біраз уақыт шамасында Абылай ханның боданында болады. Бірақ біршама уақыт өткеннен соң оны бостандыққа жібереді. Әмірсана 1757 жылы Цин империясына қарсы соғыс ашады. Ол кезекті шайқасқа аттанып бара жатып, қыркүйектің 15-і күні Тобыл қаласының маңында орыс әскерлерінің қолына түсіп, қайтыс болады. 1758 жылы соғыс аяқталды. Жоңғарлар әскерінің соңғы тобы Жұлдыз тауының маңында қиратылады. Осымен жоңғарлар мәңгілікке тарих қойнауына кетті.
Жоңғар хандығы құлағаннан кейін қазақтар өз жерлерін қайтарып алды. Сондай-ақ шығыс беткейде орналасқан қазақ тайпалары, кезінде жоңғарлардың қарамағында болған жерлерді қайтадан игерді. Ол жерлердің қатарында Батыс Моңғолия, Баянөлгей, сондай-ақ бүгінде Шыңжанға қарасты ауылды жерлер болған.
1771 жылы қалмақтар Ресей империясының билігінен қашып, Жоңғарияға қашуды ұйғарды. Бірақ ол үшін қазақ даласы арқылы өтулеріне тура келді. Қазақ тайпалары ескі қарсыластары дербет, торғоуыт тайпаларынан құралған қалмақтарға мүмкіндік беріп, қазақ-қырғыз жері арқылы өткізіп жіберді. Қалмақтар Балқаш көлінен өткенде қыс мезгілі болғандықтан, қатардағы әскерлерінен айырылып қалады. Соған қарамастан қалмақтар келесі онжылдықта Ресей империясының қырым татарлары, ноғайлар, Кавказ халықтарымен түріктерге қарсы жүргізген күресіне қатысқан. Қалмақтардың қатардағы әскерлері өте тәжірибелі әрі қару-жарақты жақсы игерген.
Қалмақ тайпасының қалғандары Жоңғария шекарасынан шыққанда, оларды Цин империясының өкілдері жарты жолдан күтіп алып, шекара асудағы көздеген басты мақсатын сұраған. Қалмақ ханы Ұбаш өз жерін қайта қайырудың жолын жеті күнге жуық ойластырған. Бірақ қалмақтарға манчжур империясына бас июден басқа жол қалмаған. Бүгінде сол ойраттардың ұрпағы көп болмаса да, Шыңжан аймағында тұрып жатыр.
Ресей империясының аумағынан қалмақтардың кетуі салдарынан қазіргі Қалмақ республикасының көп жері босап, салыстырмалы түрде айтқанда, сол кездегі қалмақтардың ат төбеліндей ғана ұрпақтары қалған. Оның үстіне, Еділдің сол жақ жағалауындағы ашық дала да бос қалып, кейін қазақтар орын теуіп алды.
Осылайша ұзақ уақыт бойы Шығыс және Орталық Еуразияның даласын қан сасытып, осы маңды мекендеген көшпенді түркі халықтарын түсінен шошытқан батыс мұңғұл тайпасы, ойраттардың жүргізген үстемдігі аяқталды. Сөйтіп, ойраттардың ата-жауына айналып, өмір бойы тіресіп өткен көшпенділерден бүгінгі таңда осы байтақ даланы мекендеген тек қазақтар ғана қалды.
Қазіргі қазақ санасында ойраттар өшпенділігімен із қалдырса, жоңғарлар аса қауіпті және ең бастысы, ата-жау ретінде тарихымыздан ойып тұрып орын алды. Бүгінде көрші жатқан елдермен тату-тәтті күн кешіп жатқандықтан, тарихшылар өткенді казбалаудың қажеттілігі шамалы деген пікірде. Көптеген елдер тарихқа бой алдырып, әлі күнге дейін көрші жатқан елдерге зиянын тигізуде. Оған Ресей мен украиндар арасында болған жанжалды мысалға келтіруге болады. Қалай болғанда да, жоңғардың қасіретті тарихы бүгінгі құбылмалы әлемнің сайқал саясатында ғұмыр кешіп жатқан кез келген қоғам үшін ащы сабақ. Алпауыттардың арасында қалған ел ешқашан ішкі алауыздық пен билікке таласпағаны абзал.

Сұлтан ӘКІМБЕК

http://baiolke.com/?p=2004

Категория: Военная история Казахского ханства | Добавил: Marat (21.10.2011)
Просмотров: 4455 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Статистика

Онлайн всего: 8
Гостей: 8
Пользователей: 0