Главная » 2012 » Май » 7 » 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні
01:04
7 мамыр — Отан қорғаушылар күні

7 мамыр — Отан қорғаушылар күні

«7-ші мамыр Отан қорғаушылар күні — бұдан былай мемлекеттік мереке ретінде аталып өтпек», — деп хабарлайды еліміздің БАҚ-тары. Қыздар қауымы болса, бұл мерекені «жігіттерді құттықтайтын күн» деп белгілеп, 23 ақпанды ұмыттырып жіберді. Биылғы 7 мамырдың маңыздылығын сезіну үшін «Екпін» журналының тілшілері Алматы қаласына қарасты әскери бөлімге аттануды жөн көрді. 1 сағатқа жетер-жетпес уақытта еліміздің Аэроұтқыр әскери бөліміне жетіп, сарбаздардың тыныс-тіршілігін, әскери адамдардың өмірімен танысып қайтқан болатын.

Дамир Жанбосынов, 25 жаста, аға сержант.
Дамир Жамбыл облысы, Тараз қаласынан. Әскерге келгенге дейін Тараз Мемлекеттік университетінде білім алған. 2009 жылы әскерге келіп,  борышын өтеп болғаннан соң 2010 жылдан бастап өмір жолын осы әскери салаға арнаған.

- Әскерге не үшін келдің?
- Атамыз қазақ «Ел үмітін ер ақтар» демей ме. Әскерге елімнің, жерімнің қорғаны болу үшін келдім. Бүгінде осы жолда қызмет етемін. Алланың бұйыртқан күніне дейін Отан алдында өз борышымды өтеуге дайынмын.
- Әскер жігітті неге үйретеді?
- Әскер жігітті ең бірінші төзімділікке, шыдамдылыққа үйретеді. Әскерге келу әрбір жігіттің Отан алдындағы парызы. Сондықтан да әскерге келіңдер, борыштарыңды өтеңдер дегім келеді.

Нұршат Ілесбаев, қатардағы жауынгер, 21 жаста.
Нұршат Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Сазтөбе ауылында дүниеге келген. Әскерге дейін Алматыдағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің  жанындағы колледжде заңгер мамандығы бойынша оқыған. 2011 жылы әскерге шақырылды.

- Әскерге не үшін келдің?
- Әскерге келу әрбір ер-азаматтың алдындағы борышы.
- Әскерге алғаш рет келгенде қандай қиындықтар болды? Оны қалай жеңдің?
- Әскери өмір – қатаң тәртіп. Алғаш келген кезде адамға, әрине, қиын. Бірақ оған да үйреніп кетесің. Мен үшін қиын болған нәрселер: адымдау, сапқа тұру болды. Әр азамат оны алдымен ойымен жеңе білу керек. Ой арқылы жеңе білсең, қандай қиындық болмаса да, сүрінбей өтіп кетесің.
- Әскер жігітті неге үйретеді?
- Әскер әр ер-азаматқа өзіңді психологиялық, физикалық тұрғыдан дамытуға көмек береді. Бұл жерде тазалыққа, тәртіпке үйренесің. Қарумен ату, ротамен жұмыс істеу, т.б. жігіттік рухыңды көтеретін нәрселерді үйренуге болады. Әскерге дейін шыны керек, ойымыз ойнап-күлу, кафеге бару, қыдыру болатын. Ал қазірде өмірге деген көзқарасым өзгерді: жұмыс істеу, әке-шешеме қалай көмек көрсетем деген ойлар мазалайды. Балалықтан шығып, есейген сияқтымыз.

Бақытгүл Жетібаева, әскери оркестр қызметкері.
Бақытгүл Жетібаеваның әскерде жүргеніне 12 жыл. Негізгі мамандығы - дәрігер. Бұл мамандық бойынша Бақытгүл апай 15 жыл жұмыс істеген. Одан кейін өз еркімен әскерге сұранып, алдымен бір жыл іс жүргізумен айналысады. Одан кейін байланысшы, Меркедегі әскери бөлімшеде шаруашылық меңгерушісі, т.б. түрлі қызметтерде жұмыс істеді. Бүгін 61993 Аэроұтқыр әскери бөліміндегі оркестрдің бас инструктор музыканты.

- Әскерге келу себебіңіз?
- Жолдасым әскери адам болған соң, бір қаладан екінші қалаға жиі көшіп жүрдік. Әр кез әр қалада маған жұмыс табыла бермеді. Содан жолдасыммен бірге Отанымды қорғаймын деген ниетпен әскерге келдім.
- Әскерге алғаш рет келгенде қандай қиындықтар болды?
- Әскерге келген бірінші күннен бастап маған қиын болды. Әскери тәртіпке үйрену өте қиын екен. Сапқа тұру, бұйрықтарды орындау, командирді сыйлау, т.б. көптеген таңсық дүниелермен кезіктім. Алайда уақыт өте келе, бұл қиындықтарды да жеңіп, қатал тәртіпке үйреніп кеттім.
- Әскер жігітті неге үйретеді деп ойлайсыз? Бүгінгі жастар әскерге неге асықпайды?
- Ол әркімнің отбасынан алған тәрбиесіне байланысты. Егер әр отбасыда патриотизм, Отан қорғау сияқты ұғымдар дұрыс насихатталса, әскерден қашу деген болмас еді. Бейбіт өмірде жүріп, Отанын қорғамаған жігіт, жігіт емес деп ойлаймын. Жас жігітке әскери өмір дұрыс тәлім-тәрбие, мәдениеттілік, патриотизм береді.

Қуаныш Тілеубергенов, 22 жаста, арнайы мақсатта тағайындалған 38-ші бригаданың жауынгері.
Қуаныш Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылынан. Әскерге келгенге дейін Семейдегі ҚазМЗА-да бухгалтер мамандығында оқыған.

- Әскерге не үшін келдің?
- 4 жыл жоғарғы оқу орнында оқыдым, әскерге кеш келдім деп ойлаймын. Өз еркіммен, өз-өзімді сынау үшін келдім.
- Әскерге алғаш рет келгенде қандай қиындықтар болды?
- Уақытында тұру қиын болды. Жалпы, әскерде бәрі де уақыт-уақытымен. Басында келгенде 3-4 күндей ғана қиналдық, сосын, әрине, үйреніп кетесің.
- Әскер жігітті неге үйретеді? Әскерге әлі бармаған жігіттерге не айтасың?
- Өз басым әскерден ең бастысы, жауынгерлік машықтарға үйрендім. Спорт жағынан болсын, мысалы, парашюттен секіруге дайындалып жатырмыз. Кеше барып жауынгерлік жинақ жасап келдік. Бір-екі күнде секіреміз.

Тоқтар Зәрубеков, 20 жаста, бөлімше командирі.
Тоқтар Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданынан. Бұрын Астана қаласындағы қаржы колледжінде білім алған. Әскердегі борышын өтеп болғаннан соң жеке кәсіпкер болғысы келеді.

- Әскерге алғаш рет келгенде қандай қиындықтар болды? Оны қалай жеңдің?
- Ең алғашында арнайы әскери киім киіп, барлық қару-жарағымызды асынып алып жүгіру, түрлі жаттығулар жасау қиын болды. Күнде таңертең жүгіріп-жүгіріп үйреніп кеттім. Қазір кез келген қашықтыққа, кез келген уақытта жүгіре беремін.
- Әскер жігітті неге үйретеді?
- Әскер жігітке ата-ананың, үйдің қадірін түсіндіреді. Жалпы әскерде жүргенде әрбір нәрсені, әрбір затты бағалауды үйренесің. Әскерге келмей жүрген құрдастарыма, қорқатын ештеңе жоқ, әр азамат Отан алдындағы борышын атқаруы қажет дегім келеді.

Диас Баубеков, 23 жаста, бөлімше командирі.
Диас Алматы облысы, Талдықорған қаласынан. Жетісу Мемлекеттік университетін «Бастапқы әскери дайындық» мамандығы бойынша тәмәмдаған. Әскерде борышын өтеп болғаннан соң, өмір жолын әскери салаға арнағысы келеді.

- Әскерге алғаш рет келгенде қандай қиындықтар болды?
- Әскерде айтарлықтай қиындықтар болған жоқ. Өйткені физикалық дайындықпен бұрынаннан айналысып келемін. Алғашында күн тәртібіне үйрену аздап қиындық туғызғаны болмаса, бірақ оның өзіне тез-ақ үйреніп кеттім.
- Әскер жігітті неге үйретеді?
- Әскер біріншіден үлкен тәрбие мектебі деп айтар едім. Әрбір ұл баланы әскер нағыз жігіттікке тәрбиелейді. Өзіміздің кіндік қанымыз тамған туған жерімізді бізден басқа ешкім қорғамайтындығын ұмытпайық.

Азамат Бозжігітов, майор.

Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданы, Новостройка ауылында дүниеге келген. Әскери қызметін ҚР Қарулы Күштерінен бастаған. 1996-2000 ж.ж. Алматы Жоғарғы Әскери училищесінде оқыды. Қазірде тәртіп жұмысы бойынша бригада командирінің орынбасары қызметін атқаруда.

- Әскер жігітті неге үйретеді? Әскерге бармаймын деп жүрген жігіттерге не айтасыз?

- Әскерде болмаған жігіт өмірде нағыз еркек бола алмайды. Меніңше, еліміздің әр азаматы өз борышын орындау керек. Қазір әскерге өту қиын, өйткені іріктеу жақсы өткізіледі. Бүгін әскерден қашып жүргендер деген жоқ, керісінше, әскерге кіре алмай жүргендер көп. Ол үшін денсаулығың мықты, білімің жоғары болу керек қой. Ең бастысы, олар бұл жерде физикалық түрде дамиды. Қару ұстауды, жауынгерлік әзірлікті, қоян-қолтық ұрысты, самолет, вертолеттен секіруді үйренеді. Сарбазға жауынгерлік әрекет кезінде қажетті нәрселердің барлығына машықтанады.

- 7-мамыр мерекесіне орай әріптестеріңіз бен жауынгерлерге айтар тілегіңіз?

- Барлық Қарулы Күштерді, жауынгерлерді еліміздің Қарулы Күштері құрылғанына 20 жыл толуымен құттықтаймын. Зор денсаулық, бақыт, Қарулы Күштеріміз бір орында тоқтап қалмай, әрі қарай дами берсін деп тілеймін.

Материалды дайындаған:

Айнұр Ракишева,

Айжан Кәрібаева

Фото: Әлия Сембай


http://yvision.kz/post/256755

Категория: Казахстанские военные новости | Просмотров: 15196 | Добавил: Marat | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Статистика

Онлайн всего: 2
Гостей: 2
Пользователей: 0
Календарь