Главная » 2011 » Ноябрь » 9 » Ғаламтор алаяқтарымен күресетін "К" басқармасы құрылды
15:06
Ғаламтор алаяқтарымен күресетін "К" басқармасы құрылды
Соны технологиялар арқылы қылмыстың жаңа тәсілін тәжі­рибелеп жүрген тісқаққан алаяқтардың арбауына түскендер туралы неше алуан хикаяны естіп те жүрміз. Осындай қыл­мыстың алдын алу үшін ҚР Ішкі істер министрлігі Крими­налдық полиция комитетінің жанынан "К” басқармасы құрылып, заманның әлгіндей әккі қылмысына қарсы жұмыс істеуде.

Етек алған алаяқтық түрі интернет сайттарындағы жарнамаларға қатысты болып отыр. Соңғы уақытта шетелдік автокөліктерге сұраныстың артуына орай көлік­терді сатып алуға, сатуға қатысты интернет-ресурстар көмегімен қылмыс жасаушы топтың әрекеті де жұрттың қапе­рінде болса екен.

Бұл ретте қылмыскерлер сайтқа тіркеліп, жылы да жаңа, жүрісі де керемет көлікті арзан бағаға тез арада сататыны туралы хабарлама жасап, "құрбанын” аңдиды. Кейіннен ондайлардың табыла кетуіне орай қылмыскерлер көп күттірмей сатылатын көлік үшін айтулы соманың белгілі бір пайызын алдын ала төлем ретінде жасауға клиенттің көзін жеткізеді.

Ал сатып алушы жарнаманың түпкі төркініне назар аудармастан-ақ көрсетілген шотқа ақша аудар­ған. Кейбір жағдайда алушылар тіпті өздерінің құжат көшірмелерін де қылмыскерлерге жолдауға дейін барғаны белгілі болып отыр.

Ақпараттық технология саласындағы қылмыстың тағы бір кең тараған "жетістігі” – ұялы байланыспен хабарласу арқылы азаматтардың сеніміне кіріп арбау. Мұндай "телефон алаяқтарының” басым бөлігі бас бостандығынан айырылып, темір тордың ар жағында отырғандар екені де әшкереленген.

Айтылғандарды ескере келе, "К” басқармасының қызметкерлері ғаламторды пайдаланатын, телефонды тұтынатын жұртшылықтың қаперіне бірқатар ұсынымдарды салады: ұялы телефонға қоңырау шалу арқылы бейтаныстың қандай да бір жағдайлар туралы айтылған ақпарына барынша мән беру керек. Ақпардың растығына түпкілікті көз жеткізілгені абзал.

Не жағдай болмасын, қандай да ақшалай қаражатты немесе материалдық құндылықты бөтен адамға бермеу керектігін үнемі есте ұстау. Ал интернет арқылы қоқан-лоқы, бопсалау жасалса, алаяқтық арбаулар білінсе, хакерлік шабуылдар болса, ұлтараздығын қоздырып, діни қақтығыстар тудыратын насихаттар жүргізілсе "К” басқармасына хабарласқан абзал.

"К” басқармасының негізгі қызметі ғаламторды құқық шеңберінен тыс, әлеуметті адастыру мақса­тында, ұлтаралық, діни алауыздықтарды өршіту, экстремистік идеологияларды насихаттау мен нәсілдік кемшіліктерге ұрындыру мақсатында пайдалануға қарсы тұру болып табылады.

Интернеттік алаяқтықтың алдын алу бойынша жеке мәліметтерді ұрлаумен, ғаламторда тыйым жасалған порнографияны, кәмелетке толмағандар арасындағы порнографияны таратуды ауыз­дықтайтын да, ақпараттық технологиялар саласында авторлық және аралас құқықтардың бұзылуына қарсы күресетін де осы "К” басқармасы екенін естеріңізге саламыз. Жоғарыда айтылған тақылеттес жағдайлар орын алса, ішкі істер департаментінің жергілікті бөлімшесіне хабарласу сұра­лады.
 
Новости NUR.KZ
Категория: Казахстанские военные новости | Просмотров: 1518 | Добавил: Marat | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Статистика

Онлайн всего: 9
Гостей: 9
Пользователей: 0
Календарь