Главная » Статьи » Древняя история (саки, гунны, Золотая Орда) » Военная история тюрков

Ежелгі және қазіргі моңғолдар: ортақтықтары мен ерекшеліктері
Бұдан Түрік қағанатының негізін қалаушылардың аталарының Алтайға емес, Алтын тауға қашып барғаны анық көрініп тұр. Алтын таудың Гаушанның терістік батысында орналасқанын "Сүй кітабы” да, "Жыу кітабы” да ашып жазған. Демек, оның Алтайға түк қатысы жоқ. Ал "Ергене-көңнен” шыққандар Алтай тауына барып паналаған. Міне, осындай нақты деректермен негіз­делген басы ашық шындықты мойындамай, түпкі бастауы бір болғанымен, өскен өрісі бөлек, тағдыры ортақтас болғанымен, таралып танылуы бөлек екі халықты ендігі жерде бірін-біріне сапырылыстырып, қойыртпақтай берудің ешқандай қисыны жоқ. Мұңғұлды "түрік” деп шатыстыруымыз бәйтеректің діңін бұтағымен шатыстырып, діңі қайсы десе, бұтағын; бұтағы қайсы десе, діңін көрсеткенмен бірдей, қолайсыз дүние. Өйткені, түрік – түрк тектес халықтардың діңі, ал бұл арада сөз болып отырған мұңғұл мен татар сол діңнен тараған көп бұтақтардың бірі ғана. Ендеше халқымыздың шығу тегін іздегенде бүгінгідей сырт жұрттың өзімшіл өктемдігімен зорлап таңып, қалыптастырған қате түсінікпен қытай дерегіндегі "сиуңну” деп аталатын халықты түп негізіміз "түрік” деп танып, өсіп-өнген діңімізді өзінен өнген көп бұтақтың бірімен шатыстырған тірлігімізге сын көзбен қарап, жалған таным тәуелділігінен арылар күн жетті деп білеміз. Төл тарихымызға төл танымның ақиқатымен қарау парыз. Сонда ежелгі қытайлықтардың көне заманда мұңғұл атауын аударып, өз тілдерінде "сиуң­ну” деп алғанын біліп, оны қазіргі ресми тарихта еш негізсіз, ешқандай ғылыми дәлелсіз "ғұн” деп атап жүргеніміздің қате екенін де ажыратуға мүмкіндік туады. Сиуңну атауының баламасы ғұн емес, мұңғұл! Ал мұны ажыратудың төл тарихымызды өз болмысында танып-білу үшін өте маңызды екені даусыз.


Осыған орай, ұғым нақтылығы үшін еске сала кететін бір нәрсе, әу баста мұңғұл халқы да, татар халқы да түрк тілінде сөйлегенімен, түрк тектес болмаған, сырттан келіп сіңісіп кеткен кірме халықтар секілді. Олар кейін Түрік мемлекетінің құрамына еніп; соларға кірігіп түріктеніп кеткен болса керек. Мұны, басқаны айтпағанда, олардың ежелгі Түрік мемлекеті ыдырағанда алдымен бөлінуі де, сондай-ақ осы екі халықтың халықтық атауларының шығу төркіні (этимологиясы): мұңғұлдың "мұңды құл”, "түнерген құл” (Әбілғазы), татардың "бөтендік”, "бөтендер” (Қашқари, Баскаков) деген мағынаны білдіретіні де дәлелдей түседі. Көшкіншілер қанша жерден өзара жауласып, бірін-бірі шауып жатса да, өз тектестерін құл демеген.

Осыларды екшей келіп, ой қорытсақ, қытай тарихнамаларында берілген "сиуңну” деген халықтық атауды ежелгі мұңғұл атауының тікелей аудармасы деп тану тарихи ақиқатқа жол ашу болмақ. Мұнымыздың дұрыстығын орыстың әйгілі шығыстанушысы Н. Бичуриннің сиуңнуді "злый невольник” (Бичурин Н.Я. 1950 стр. 39) деп аударуы да, Әбілғазының мұңғұлды "түнерген құл” (Абульгазы Баһадур-хан. Родословное древо тюрков. М-Т-Б. 1996., стр. 17) деп түсіндіруі де құптап тұрғандай. Демек, бұл да өз тарапынан осы күнге дейін әрқайсысының оқшау тарихын жасап келген сиуңну халықтары мен мұңғұл халықтарының негізі ортақ бір халық екеніне, қытай тарихнамаларындағы сиуңну деген халықтық атаудың баламасы түрік те, ғұн да емес, мұңғұл екеніне куәлік береді. Осыған байланысты ендігі жерде ресми тарихтан мықтап орын тепкен, шынайы халықтық атауға түк қатысы жоқ, моңғолдың "кісі”, "адам” деген мағына білдіретін "ғұн” атауын өзгертіп, халықты өзінің бұрынғы төл атауымен "мұңғұл” деп атасақ, оның ешқандай айып-шамы болмауға тиіс. Ал бұл, түптеп келгенде, зерттеушілеріміздің қалыптасқан қағида шеңберінен шығып, түрк халықтарының төл тарихын өз болмысы тұрғысынан танып-білуіне мүмкіндік туғызар жаңа ізденісіне кең жол ашу болмақ.

4. Қазіргі моңғолдар

Сиуңну империясының іштей ыдырап, өзара Оңтүстік Сиуңну және Солтүстік Сиуңну мемлекеттеріне бөлініп кеткені тарихтан белгілі. Кейін соның оңтүстіктегілері түгелдей қытайланып кеткенімен, солтүстіктегілері тәуелсіздігі үшін бір жарым ғасыр уақыт арыстанша алысып, ақыры қытайлықтар мен сиәнбиліктердің біріккен күшінің соққысына төтеп бере алмай, қазіргі Тарбағатай тауының төңірегінде күйрей жеңіледі. Жеңілген Солтүстік Сиуңну мемлекетінің чәниүйі жанында қалған аз әскерімен батыс жаққа ығысады. Нақты қайда кеткені белгісіз, ол жөнінде дерек көздерінде ештеме жазылмаған. Бұдан әрі тек қашқан чәниүйдің інісі, мемлекеттің батыс жағының билеушісі (лули-бегі) Үйчүйжиәннің өзін "чәниүймін” деп жариялап, қарамағындағы елімен Баркөлдің (Пулыйдың) жағасына келіп қоныс тепкені ғана айтылады. Үйчүйжиән осы арадан Хән империясымен байланысқа шығып, бодандықты мойындайды. Бірақ көп ұзамай, оны императормен табыстырып, араға дәнекер болып жүрген ұлы қолбасшы Дыу Шиән қайтыс болады да, империяның сиуңнуларға деген көзқарасы кілт өзгереді. Сол себепті Үйчүйжиән көтеріліс жасап, солтүстікке қайта оралады.

Сиуңнулардың солтүстікке кеткенін естісімен, осы кезде бар билікті өз қолына алған, қайтыс болған император Су-зунның жесірі Дыу Тай-хыу әскери кеңестің бастығы Ваң Фуды сиуңнудың пристав Жін Шәнмен бірігіп, теріскейге көшіп кеткен Үйчүйжиән чәниүйді жазалауға аттандырады. Олар чәниүйді қайта оралуға үгіттеп бағады, бірақ айтқандарына көндіре алмайды. Содан соң Үйчүйжиәннің өзін қапысын тауып өлтіріп, елін қырып салады. Сөйтіп Юн-юань билігінің бесінші жылы, яғни жаңаша жыл санаудан кейінгі 93 жылы Солтүстік Сиуңну мемлекеті жеке мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатады.

Ұзақ тарихты қысқаша қайырғанда, қазіргі моңғолдардың тарихы, міне, осы кезден, 93 жылғы қытайлықтар жасаған қырғыннан аман қалған сиуңнулардың қашып барып, Алтай тауының кең жазықты жайылымы бар бір қуысына паналаған кезінен басталады. Бұл жерді Шығыс тарихшылары "Ергене-көң” деп атайды. Мұңғұлдар осы жерді төрт жарым ғасырдан астам уақыт мекен етеді.

Ресми тарих ғылымы осы Ергене-көңнен өсіп-өніп шыққандарды кейін, жаңаша жыл санаудың 552 жылы Орталық Азияда шаңырақ көтерген әйгілі Түрік қағанатының негізін қалаушылардың атасы деп таниды. Бірақ біз мұны еуропалық таным-түсінік бойынша жасалынған қате тұжырым деп білеміз. Оның неге қате екенін жоғарыда нақты деректер арқылы шамамыз келгенше жан-жақты дәлелдегендей де болдық. Енді оны қайталаудың қажеті жоқ.

Ергене-көңнен шыққандар – ежелгі мұңғұлдардың, яғни сиуңнулардың ұрпақтары, кейінгі Моңғол елінің билеуші әулеті. Екінші Шығыс Түрік қағанаты дәуірлеген кезде олар осы қағанаттың құрамына еніп, солардың бодан халықтарының біріне айналады. Егер тарихи шындыққа жүгінер болсақ, Ергене-көңнен шыққандардың және оның кейінгі ұрпақтарының Түрік қағанатының негізін қалаушыларға қатысы бар болса, ол осы бодан болуы ғана.

Түрік қағанатының негізін қалаушылар – ежелгі қыпшақтардың ұрпақтары, ал Ергене-көңнен шыққандар – ежелгі мұңғұлдың ұрпақтары. Рас, мұның екеуі де түрік текті тілдес халықтар. Осыған қарап, тарихи сабақтастықты үзбеу үшін Ергене-көңнен шыққандардың тарихын ерекшелеп бөлмей-ақ, ежелгі мұңғұлдар (сиуңнулар) тарихының жалғасы ретінде қарастыра беруге де болар еді. Бірақ нақтылық тұрғысынан алғанда, бұл шындыққа дәл келмейді. Өйткені бұл ретте сабақтастық халықтық атау (этноним) тұрғысынан жалғасқанымен, халықтың этникалық құрамы жөнінен келгенде кірікпей, біраз өзгешеліктерге ұшырайды. Атап айтқанда, ежелгі мұңғұлдар (сиуңнулар) бірыңғай түрік текті халықтардан құралса, кейінгі моңғолдар мұңғұл (Ергене-көңнен шыққандардың ұрпағы. – Қ.С.), татар және тунгус-мәнжур тайпаларынан құралады. Осыған сай бұлардың ежелгі мұңғұлдардан (сиуңнулардан) тіл ерекшеліктері де айтарлықтай бөлек. Кейінгі моңғолдардың байырғы тарихын жан-жақты үңги зерттеген Н.Я.Бичуриннің: "… происхождение монгольского народа и Дома Монгол (Моңғол мемлекеті. – Қ.С.), от которого сей народ получил народное название, суть две вещи совершенно различные между собою” (Бичурин Н.Я. 1950. стр.380.) деген тұжырымға келуінің де негізі осында. Содан да болар Ергене-көңнен шыққаннан кейін де олардың елі дерек көздерінде бірнеше ғасыр бойына моңғол деген өз атауымен аталмаған, басқа атаумен басқа халықтардың құрамында жүрген. Олар тек ХІІ ғасырда Бөрте – чиноның жиырмасыншы ұрпағы Байшынқор –көкжалдың баласы Тумбинай – шешеннің жеті ұлының бірі – Қабуыл қағанның тұсында ғана "Хамаг моңғол ұлысы” ("Жалпы моңғол ұлысы) деген атаумен көрінеді. Моңғол халқының этноқұрамын саралай көрсеткен Рашид ад-Диннің: "Народности, которых в настоящее время называют монголами, однако в начале их название не было таковым, потому что это название появилось спустия некоторые время после них” (Рашид ад-Дин. 1952. стр.77.), – деп, сол кездің ақиқатын алға жаюы осы шындықты нақты білгенінен болса керек.

Қытай деректері Ергене-көңнен шыққандардың алғашқы кезде шивэйліктердің құрамында болғанын мәлім етеді. Шивэйлер сиәнбилерді бірнеше топқа бөлгенде, соның солтүстік тобына енеді, кидандармен туыстас халық.

Жалпы шивэйлер жөніндегі алғашқы дерек "Солтүстік тарихынан” ("Бэйшиден”) кездеседі.. Мұнда байырғы қытайлықтар "шивэй” терминін этностық және тілдік құрамы әр түрлі құранды бірнеше тайпаның ортақ атауы ретінде қолданады. Зерттеушілер бұларды негізінен этностық жағынан тунгустарға жақын тайганың аңшылары мен балықшылары еді дегенді де айтады (Викторова Л.Л. 1980. стр. 196.). Ал Таң әулетінің тарихында ("Таңшуда”) шивейлердің ежелгі қай халықтың ұрпағы екені бұдан гөрі анығырақ жазылған. Онда: "Шивэй – дунхудың терістік шекарасындағы кидандардың ерекше ру-тайпасы” (Кюнер Н.В. Китайские известия народах Южной Сибири, Центральной Азии и Дальнего Востока. М.-Л.1961. стр. 63.), – делінген. "Сүй кітабы” шивэйлердің мекенінің кидандардың солтүстігінде жатқанын айтады. Қалай болғанда да, Ергене-көңнен шыққандардың ол кезде осы шивэйлердің құрамында жүргені анық секілді. Бұл – уақыт жағынан алғанда ж.ж с. кейінгі VІІІ ғасыр. "Моңғолдың құпия шежіресінің”: "Шыңғыс ханның тегі Тәңір бақытты етіп жаратқан Бөрте-бөрі (Бөрте–чино) зайыбы Марал сұлумен (Гоа–Маралмен) бірге талай теңіз-дарияны кешіп келіп, Онын (Онон) өзені бас алған Бұрхан–қалдун тауын тұрақ еткен кезде Батшаған (Батцагаан) деген бір ұл туады” ("Моңғолдың құпия шежіресі". А.1998. 27-б,),– дейтін дерегі де осы кезді көрсетеді. Өйткені моңғолдардың көне тарихын зерттеген ғалымдар Бөрте-чиноның өмір сүрген кезін VІІІ ғасырдың орта тұсы дегенді айтады. (Қараңыз: Гонгор Д. Предки халхасцев – коренные монгольские племени междуречья рек Онона, Керулена и Толы. – SH. 1968. VІ, f. 7.; Викторова Л: Л. К вопросу о расселени монгольских племени на Дальнем Востоке. – "Ученые записки ЛГУ”. 1958. № 258. стр.41-66).

Байырғы тарихшылар осы шивэй тайпалар бірлестігінің құрамындағы ергенекөңдіктерді, яғни мұңғұлдарды кейде бөліп көрсету қажет болғанда, оларды қытай дерегіндегі атауымен "Мэньу-шивэй тайпасы” (Бичуринде: "Мынву тайпасы”) деп ерекшелейді. Дерек көздерінде мэньу-шивэйлердің шивэй тайпалар бірлестігінің құрамында тек VІІІ ғасырдан бастап қана көріне бастауы да олардың Ергене-көңнен осы кезеңде шыққанын әйгілеп тұрғандай. Бірақ, солай бола тұра, олардың кейінгі "Хамаг моңғол ұлысы” аталғанға дейін осы өңірде болған кезеңдік ірі оқиғаларға қатысты шешуші рөл атқармағандығынан ба, әйтеуір көне дереккөздерінде олар өз атымен аталмай, көбіне сол кездегі билік басына келіп, бірін-бірі ауыстырған басқа көшкіншілер әулеттерінің атымен аталып, солар құрған мемлекеттің құрамында жүргені байқалады.

Ергенекөңдіктердің сондай билік басына келген әулеттер құрған мемлекеттің құрамына енгендегі алғашқы атауы – "Қараөзендік Мохэ”. Мұндағы "Қараөзен” – Амурдың көне аты. Оны: моңғолдар – "Қарамүрен”, қытайлар – "Хыйшуй” (Қара-су) деп атайды. Ал "Мохэ” – билеуші әулеттің, яғни мемлекеттің аты. Мохэлер ол кезде Амурдың екі қапталын мекендеп, Аргун өзенінен Шығыс мұхитқа дейінгі жерге билік жүргізген (Бичурин Н.Я. 1950. стр. 377.). Осы орайда қараөзендік мохэлердің кімдер екенін және ергенекөңдіктердің бұдан кейінгі аталған халықтық атауларының қайдан шыққанын дұрыс түсіну үшін тарихқа қысқаша болса да шолу жасай кету қажет.

Қытай тарихының дерегі бойынша Жыу (Чжеу) мемлекетінің тұсында шығыста, Мәнжурия (Маньчжурия) жерінде Сушень мемлекеті болғаны белгілі. Осы Сушень мемлекетінің орнын ж.ж.с. дейінгі ІІ ғасырда Илэу мемлекеті басады. Кейін бұл мемлекет арада алты ғасырға жуық уақыт өткенде, яғни ж.ж.санаудан кейінгі ІV ғасырда бұрынғы атын "Уги” деп өзгертеді, елі үлкен-үлкен жеті аймаққа бөлінеді. Арада тағы да екі ғасыр өткенде осы жеті аймақтың бірі – қараөзендіктер күшейіп, Уги мемлекетінен бөлініп шығады.

Міне, осы бөлініп шыққан қараөзендіктердің елінің атын тарихшылар "Қараөзендік Мохэ” деп атайды. Уақыт өте келе қараөзендік мохэлер өзара іштей он алты аймаққа бөлінеді. Осы бөліну бұрынғы тұтастыққа жік түсіреді де, соны пайдаланған бохайлар кугруе босқындарының қолдауымен сегізінші ғасырдың басында оларды өзіне бағындырып, боданына айналдырады. Бохай мемлекетінің бодандығына көнгісі келмеген қараөзендік мохэнің он алты аймағының бірі – татандар ауа көшіп, қазіргі Моңғолияның оңтүстігіне өтіп, Инь тауының теріскей беткейіне қоныс тебеді. Бірақ көп ұзамай жаңадан күшейіп келе жатқан кидандар бүкіл Моңғолия жерін жаулап алып, қытайша "Лиау” (Ляо) деп аталатын өздерінің мемлекетін құрады.

Осыған орай татандар да осы Лиау мемлекетінің құрамына енеді. Оңтүстік Монғолияға өткеннен кейінгі екі ғасырға жуық уақыт ішінде татандар көбейіп, өз ара тоғыз аймаққа бөлінеді. Бұл кезде олар қанша көбейгенімен, әлі сол Инь тауының теріскей бетінде болатын. Халха ол кезде Ұйғыр қағанатының иелігінде еді. 840 жылы қырғыздар Ұйғыр қағанатын құлатып, бір жылдан кейін Енесай (Енесей) бойына қайтіп кеткенде, қаңырап бос қалған Халхаға Юйгюлюй мен Шивэй тайпалары келіп қоныстанады. Осылардың ішінде мэньу-шивэй деп аталатын Бөрте–чино ұрпақтары бастаған ел Онон, Керулен және Толы өзендерінің бойын мекендейді. Осыдан да болар оларды кей дереккөздерінде "Үшөзендік Мохэ” деп те атайды.

Авторы: Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ.

http://baiolke.com

Категория: Военная история тюрков | Добавил: Marat (21.10.2011)
Просмотров: 2063 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0