Главная » Статьи » От Казахского ханства до Октябрьской революции » Военная история Казахского ханства

Ордабасы кеңесі Орбұлақтан басталған
Қасиет қонып, құт дарыған қазақ даласының тасын түртсең тарихы сайрап қоя беретін хикметке толы мекендерінің бірі – Орбұлақ даласы. Атақты Орбұлақ шайқасы болып, адамзат тарихындағы Отан қорғаудың қайталанбас үлгісін көрсетіп, ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің берік қамалын орнатқан киелі топырақ. 50 мың жау қолына 600 сарбазбен қарсылық көрсетіп, өзінен 84 есе көп әскердің бетін қайтарып, туған жер төсінен түре қуып тастаған жер.

"Орбұлақ". Сүретшi - Мадали Найманбаев

Орбұлақ шайқасы жайлы бұрындары көп айтылмады. Ел аузындағы үзік-үзік әңгімелер ғана сол алапат майданның Ордың бұлағында өткенін дәлелдейтін. Бабалар жеңісінен бір деректің болса да тасқа басылып қалуы бек мүмкін еді, бірақ та сыңар саясат ұстанған қызыл империя қазақ ғалымдарына төл тарихын толық зерттеуге мұрша бере қоймады. Аңызға айналып бара жатқан осы шайқастың ақиқатын ашу тек 1991 жылы белгілі майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың Ресей мұрағаттарынан тапқан Г.Ильин мен К.Кучеевтің қоңтайшы ұлысынан жеткізген хабарынан мүмкін болды.

Қазақ пен қалмақ арасындағы соғыс тым әріден басталған. Жалпыхалықтық сипатқа ие болмағанымен, екі елдің арасында ірілі-ұсақты шайқастар үнемі болып тұратын. 1635 жылы болған шайқаста Жәңгір сұлтан қалмақ қолына тұтқынға түсіп, оны бір жылдан кейін атақты Қарасай батыр мен арғын Ағынтай батыр бір түнде ұрлап әкетіп құтқарады. Сол түнде Қарасай батыр Батыр қоңтайшыны талдырып, Ағынтай батыр қоңтайшының қызы екен деп оның кіші әйелін көтеріп алып кетеді. Ел билеген қоңтайшыға, біріншіден, бұл аз намыс болмаса керек-ті және де өз әкесі Қарақалдың да қазаққа тұтқын болып қорлық көргені бар. Екіншіден, тұтқында болған Жәңгір біраз жайтты біліп қалған әрі бұлардың сырына да қанық-тын. Ойрат, дүрбіт, торғауыт, қалмақ тай­шыларының басын қосып, ұлы хандық құрып, күннен-күнге бел алып келе жатқан қазақ ордасына күйрете соққы беріп, Жәңгір хан мен Қарасай, Ағынтай батырларда кеткен есесін қайтаруды мақсұт тұтқан Батыр қоңтайшы кеудесіне кек қатып, 50 мың қолдық шерігін бастап қазақ даласына енеді. Тосын хабардан Жәңгір хан жанына бар болғаны 600-ге жуық сардарларын жинап үлгереді.

Тосын келген қолды тосын әрекетпен ғана тоқтатуға болатынын пайымдаған Жәңгір хан жанындағы жүрегі түкті батырларымен ақылдаса отырып, ашық шайқасқа шыға алмайтындығын, бұларға Самарқант бегі Жалаңтөстің көмекке келіп жетуіне әлі де біраз күннің қарасы бар екенін ай­тып, соғыс тактикасын өзгертуді ұсынды. Жаудың тосын әрі ұрымтал жерінен соғып, біраз кідірте тұруға болатынын түсінген атақты қолбасшы жер жағдайын жақсы білетін жергілікті батырларды көмекке шақырды. Сөйтіп, Іленің өткелін үнемі кесіп, қалмақтың қалың жылқысын айдап, барымта жасап жүрген Елтінді батырдың көрсетуімен қазіргі Орбұлақ белі (кейіннен халық «Ордың бұлағы» деп атап кеткен) жаудың бетін қайтаруға қолайлы орын ретінде таңдалып алынады.

Соғыс болған жер – қорғануға, шығыстан келген қарақұрым қолды қаймықпай қарсы алуға өте сәтті таңдалған орын. Өйткені күнгей беті 400-500 метрлік биіктіктегі тау сілемі, оған атты әскер түгіл, жаяу адам да шыға алмайды. Тым тік орналасқан. Теріскейі – Үш судың құйғаны аталатын арынды өзен. Өзен жағасы құламалы жар, құз. Ал жау бетінің алды Қосқолаңның тарылып біткен, сәл еңіске құлдилай тартып барып көтерілген жері. Осындағы көлденең жатқан белді таңдаған Жәңгір хан әскері тау мен құздың арасындағы тар өткелектен ұзындығы үш шақырымға жуық оқпана қазған. Осы оқпанаға 300 мергенді қалдырып, Қарасай мен Ағынтай батырлардың қолын және Жәңгір хан өзінің айналасындағы батырларды Орбұлақтың желкесінен төніп тұрған Қызылқия тауының ішіне жасырады. Тосын шабуылдан қорғануға еш дайындығы жоқ қоңтайшы әскері жердің шаңын шығарып, Жарбұлақты жағалап, Орбұлаққа құлай берістегі сайға лықси төгіліп, өрге көтерілгенде маңдайын тасқа соққандай әсерде қалды. Қарсы алдарынан зуылдаған, ысқырған жебелер ес жиып үлгергенше талай сауыттың көбесін сөгіп, қоғадай жапырып тастаған еді. Бір-біріне сеңдей соқтығысқан қалың әскердің сол қанаты Шыңғырлаудың құзына құлап, өздігінен мертігіп жатса, батысынан шепті бұза-жара кіріп, оңды-солды сілтеген Қарасай мен Ағынтай батырлар бастаған қазақ жауынгерлерінің қылышынан қалмақ өліктері тау болып үйіле бастаған-ды. Жәңгір жасағынан мұндай тосын әрекетті күтпеген Батыр қоңтайшы шерігіне шегінуге бұйрық береді. Бұл уақытта жарқылдаған алмас қылыштар мен ысқырған жебелер 10 мыңға жуық жоңғардың жанын жәһан­намға аттандырып үлгерген болатын.

Барын түгендеп, қайтара соққы қылмаққа әрекеттенген Батыр қоңтайшы тағы да келеңсіз жайтқа тап болады. Бұл жолы Орбұлақ белінде бұларды ұлтарақтай жерін жауға таптатпауға ант еткен 600 батырмен бірге Самарқант әмірі Жалаңтөс баһадүрдің 20 мың жасағы күтіп тұрды…

«Он бір мың бес жүз адамымнан айырылдым, – деп мойындаған екен Батыр қоңтайшы» (Қазыбек бек Тауасарұлы, «Түп тұқияннан өзіме шейін»).

Орбұлақта оянған осы тарих енді мәңгі халық жадында қалады. 600 әскермен 50 мың қолға қарсы шығып, жау қолын туған жер төсінен түре қуып тастау да – тарихта қайталана бермейтін ерлік. Қазіргі таңда әрбір грек баласының 300 спарталықтың ерлігін жатқа соғып, сол арқылы рухтанаты­нын ескерсек, Орбұлақ шайқасы да жастарымызды отансүйгіштік рухта тәрбиелеудің жарқын мысалы бола алатыны ақиқат.

Автор: Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ
05.11.2011 13:03,
Алаш Айнасы – Республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет
Категория: Военная история Казахского ханства | Добавил: Marat (06.11.2011)
Просмотров: 3141 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Статистика

Онлайн всего: 4
Гостей: 4
Пользователей: 0