Главная » Статьи » От Казахского ханства до Октябрьской революции » В составе Российской империи |
Қазақтың Хан Кенесі
Қазақ сахарасы әлі мыңнан бір бөлшегі айтылмаған, тұнып тұрған тарих. Сол есте жоқ бағзы заманнан бергі әлемдік тарих сахнасына ғұнн, хұнн, сақ, скиф және басқа атаулармен шыққан біздің бабаларымыз мыңжылдықтар бойы қасиетті жері үшін күресіп келеді. Сол жолда ақын Жұбан Молдағалиевтің сөзімен айтсақ : «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деуі дәл айтылған тарихи тұжырым. Қазіргі кезде бұрын айтуға, жазуға тыйм салынған тарихи деректердің том-том кітап болып шыға бастағандығынан көптеген ақиқаттың беті ашылуда. Бүгін әңгімеміздің арқауы болғалы тұрған Кенесары Қасымов бастауымен орыс отаршылығына қарсы шыққан 1837 – 1847 жылдарғы ұлт-азаттық қозғалысы да жалған тарихтың астарына арналған . «Алдымен тарихи оқиға болып өтеді . Одан соң сол оқиғадан әркім өзіне тиімді тарих жасай алады» деген ақиқат та бірте-бірте ашылып келеді . Сыртқы жаулармен ел қорғау мақсатында болған соғыстарға қисап жоқ . Ал Кенесары заманына тұспа-тұс келген Ресей бодандығығына, Кеңес өкіметі тұсындағы қарсылықтарды қосып, кейбір тарихшылар, қоғамтанушылар ,публицистер 250 жылдан астам уақытта 1,5 мың ірі қақтығыс болғанын айтады. Қалай болғанда да солардың ішіндегі ең көлемдісі, соз жоқ, Кенесары Касымовтың қолбасшылығы, көсемділігімен жүргізілген ұлт-азттық қозғалыс Алдын ала айтайын – бұл майданда әділет толығымен қазақ жағында болды Ресейдікі таза отаршылдық саясаттан туған әлімжеттілік. Енді әңгімемізді жүйелеп алалайық. 1 Алдымен , Хан Кененің тегі және сол тұстағы Ресей – Қазақ ахуалы туралы айтып алайық . Хан Кененің ата-тегі және сол тұстағы Қазақ-Ресей ахуалы Кенесары Қасымұлы (1802-1847) – мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837-1847 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі. Қазақ хандығының соңғы ханы. Атақты Шыңғыс ханның 27-ші ұрпағы, Абылай ханның немересі. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Ордасын Көкшетауға тіккен Абылай ханның отыз ұлы болған. Абылайдың әйелі Қалмақ ханы Қалдан-Сереннің туысы – Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан: Қамбар мен Қасым сұлтан туады. Кенесары Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен: Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай мен бірге 6 алты ағайынды болып туған. Ал Кенесарының інісі Наурызбай Қасым сұлтанның екінші әйелінен өмірге келген. Кенесары Қасымұлы өзге бауырлары секілді көшпелі әскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай жастайынан шабандоз, ұшы-қиырсыз даланың қатал табиғатына шыныққан, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленді. Жеке басының ерлік қасиеттері, бірбеттігі, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен дүлей күш-жігері оның жетекшілік қабілетін айналасына ерте мойындатқан. Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысына Патша үкіметінің 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғысының» қалыптасқан хандық құрылымды, дәстүрлі билік үлгілерін жоюы, қазақ елін жалпы ресейлік басқару жүйесіне сіңістіріп жіберуді көздеген жымысқы саясаты негіз болды. Әуелі бұл саясатқа өз наразылығын қарт сұлтан Қасым төре білдірді. Ресей билеушілерінің қазақ елінің ең шұрайлы жерлерін тартып алып, Ақтау, Ақмола, Қызылжар, Көкшетауда өз әскери бекіністерін салуы, Солтүстік, Шығыс Қазақстанда суы мен жайылымы мол Ертіс, Есіл өзендерінің бойындағы жерді біртіндеп орыс-казак шаруаларының өз иелігіне бөліп алуы, жергілікті халыққа алым-салықтың өсуі ұлт-азаттық қозғалысын тұтатты. Ресей империясының бұл саясатына алғашқыда Ғұбайдолла сұлтан қарсы шықса, кейін оны Саржан сұлтан басқарды. Алайда Ресейге қарсы күресте одақтас болған Қоқан хандығының сатқындығынан 1836 жылы олардың тікелей нұсқауымен Саржан сұлтан өлтірілді, 1840 жылы Қасым төре қаза тапты. Осы кезде Қасым сұлтанның баһадүр батыр ұлдары, Саржан сұлтанның туған інілері Кенесары мен Наурызбай шығып, қалың қазақ елі Кенесарының соңынан ерді. Ағасы Саржан сұлтанның жасағында болып, әскери өнерін шыңдаған Кенесары қаншама қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді, Ресей құрамына кірмеген аймақтардың тәуелсіздігін сақтауды басты мақсат тұтқанымен, ол отаршылдарға қарсы соғысты бірден бастаған жоқ. Ол бірнеше рет дипломатиялық қадамдар жасап, І Николай патшаға, Орынбор генерал-губернаторлары В.А.Перовскийге, В.А.Обручевке, Сібір генерал-губернаторы П.Д.Горчаковке хат жолдады, тиісті талаптар қойды. Ол өзінің Батыс Сібір генерал-губернаторына жазған хатында: «Ақтау, Ортау, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Өлкейек, Тоғызақтан Жайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында тартып алынып, қаптаған бекіністер тұрғызылды. Міне, енді күн сайын жерімізге баса-көктеп кіріп, бекіністер салып, халықтың зығырданын қайнатып отырсыздар. Бұл біздің болашағымыз үшін ғана емес, бүгінгі тірлігіміз үшін де қатерлі. Менің тілегім – екі жақтың да халқы мизамшуақ өмір сүруі», – деді. Кенесары Қасымұлы 1837 жылғы желтоқсанда І Николай патшаның өзіне осындай мазмұнда хат жазған. Ол өзінің Ресей патшасына жолдаған алғашқы хаттарының бірінде тіпті, императорды атасы Абылай хан заманында екі ел арасында орын алған бейбіт қатынасқа және шекара есебінде қабылданған межеге қайта оралуға шақырады. «… Сіздің арғы бабаларыңыз, ал бізде менің атам Абылай патшалық құрған уақытта, – деп жазады Кенесары император І Николай патшаға, халық бейбіт және тыныш жағдайда өмір сүрді, оны ешкім бұзған емес. Екі жақ та өзара сауда жасады; біздің жұртымызға ешқандай да салық салынған жоқ. Ал одан кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біздің халқымыздан салық жинала бастады, оған басқа да түрлі таршылықтар жасалынды. Бұрынғы жасалынған бейбіт келісімді бұзып, Сіздің төменгі қарауыңыздағы басшыларыңыз бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп жалған көрсетті, соның салдарынан менің Абылай атама қарасты жерлерде сегіз дуан орнады. Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай, әсіресе оған салықтың салынуы өкінішті-ақ. Сондықтан да біздің бүтін қазақ халқымыз таршылық көрмей, тыныш рахатты өмір сүрсе екен деп, ұлы мәртебелім, Сізге өтініш айтуға өзімді бақытты санап, біздің халқымызды сол бұрынғы күйінде қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын», – деп жазған. Алайда заңды талап-тілегі орындалмай, өтініші аяққа басылып, елі мен жерінің біртұтастығына қатты қауіп төнгендіктен, ту ұстап, тұлпар мініп, қол бастады. Ақылды саясатшы және шебер әскери қолбасшы ретінде ол соғысқа жан-жақты дайындалды. Жасағына қару-жарақ соғу, соның ішінде зеңбірек құю үшін орыс және өзге ұлт шеберлерін де өзіне тартып, оларға жақсы жағдай жасады. Көп ұзамай Кенесарының қол астына 20 мыңға жуық сарбаз жиналып, олардың ішінде Орта жүздің арғын, қыпшақ руларымен бірге Кіші жүздің де шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы тағы да басқа руларының, Ұлы жүздің үйсін, дулат тағы да басқа руларының сарбаздары болды. Кенесары хан ұлт-азаттық көтерілісінде Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жәуке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан Тіленшіұлы, Бұқарбай, Мыңжасар тәрізді батырларға арқа сүйеді. 1841 жылы қыркүйекте үш жүздің өкілдері жиынында Кенесары қазақ халқының ханы болып сайланды. Сол жылы Кенесары ханның әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843 жылы Ресей үкіметі Кенесары ханға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Соған қарамастан, Кенесары ханның әскері Ресей армиясы мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарына бірнеше рет ойсырата соққы берді. Әсіресе 1843 жылдың қыркүйегіндегі Орынбор жасағымен шайқас бір жұмаға созылды. 1844-1845 жылдары Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі шырқау шегіне жетті. Ол бастаған елді үш жақтан қоршап, Қарақұмға шегінуге жол бермеу үш бірдей жасаққа жүктелсе де Кенесары оларды жер қаптырып, құтылып кетті. Кенесары кейін Константинов қамалына шабуыл жасады. Жантөрин мен полковник Дуниковский бастаған орыс әскерімен шайқасып, сұлтан жасағына тылдан тиісіп, жойып жіберді. Осы ұрыста 44 сұлтан қаза тапты. Кенесарыны қарудың күшімен бағындыра алмасын білген патша өкіметі онымен келіссөз жүргізіп, қапияда қолға түскен сүйікті жары Күнімжан ханымды тұтқыннан босатты. Кенесары өз ордасын Жетісуға көшірді. Ұлы жүзден оған Байсейіт, Сұраншы, Саурық, Тойшыбек, Байзақ батырлар жасақтарымен келіп қосылды.Тарихта Кенесары хан парасатты әмірші, әскери өнерді жетік меңгерген қолбасшы, жаужүрек батыр ғана емес, ғажайып дипломат, данагөй де болған тарихи тұлға. Сол кездері отарлаушы орыс мемлекеті қазақтарға қарсы Хиуа, Қоқанды, қырғыздарды айдап салса, қырғыздар Орта жүзге Ұлы жүзді қарсы қоюға жанталасып, Хиуа Есет батырды Жанғожаға, Жанғожаны Кенесарыға қарсы қоюға тырысты. Патша өкіметі болса, сатқын сұлтандарды Кенесары ханның соңына салып қойды. Осындай аласапыран заман туса да Кенесары хан жеке басының қамынан елінің біртұтастығы мүддесін жоғары қойды. Тапқырлығымен талай қиын мәселелердің түйінін шешті. Сатқындыққа, әділетсіздікке, мейірімсіздікке қатал қарап, қатты қаһарланса да парасаттылық танытар тұста ашуын ақылға жеңдіре де білді. Азаттық үшін шайқаста Кенесары хан қырғыз манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Алайда, патша әкімдерімен құпия байланыста тұрған қырғыздар оған мойынсұнбады. Кенесары хан оларға шабуыл жасады. Өз жақтастарының опасыздық салдарынан Кенесары мен Наурызбай дұшпандардың қолына түседі. 1847 жылы Кенесары хан Қырғызстанның Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік-Сеңгір аңғарында осылайша айуандықпен өлтіріледі. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жіберді. Князь Горчаков Кенесарының басын Батыс Сібір бас басқармасындағы «Кенесары бүлігі туралы» іске қосып сақтауға бұйрық берді. Абылай ханның ұрпағы Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісінде қандай қолбасшы, тарихта қандай ұлы тұлға болғандығы туралы орыс тарихшысы Н.Н.Середа өз зерттеулерінде: «Кенесары хан өз жасақтарының мәртебелі әміршісі бола білді. Оның рухы дем берген жауынгерлерге еуропалық әскер қолбасшыларының өзі қызығар еді. Жортуылда жолындағының бәрін жайпайтын дала дауылындай екпінді де тегеурінді Кенесары хан ешбір бөгет алдында кідірмейтін, қайта кездескен кедергі оның қайрат-жігерін жанып, шамырқандыра түсіп, көздеген мақсат жолындағы тосқауылдарды талқандар керемет күш бітіріп, одан сайын өршелендіріп жіберетін. Кенесарының бойындағы күллі осындай қасиеттерді көшпенділер биік бағалап, оның қаракет-қимылына қатысушылардың жүрегі басшысына деген шексіз сүйіспеншілікпен соғып, жанын пида етуге дейін барғызады»,-деп жазды. Ал енді ағылшындық Томас Аткинсон Кенесары Қасымұлы туралы былай деп жазды: «Кенесары қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярлады. Найза мен айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін жігіттері өзінен күші басым жаудан қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бәрі тән». Ресейдің әскери тарихшысы В. Потто кезінде Кенесарыны қазақтардың Шамилі деп те атаған.Кенесары Қасымұлының өмірі мен азаттық жолындағы күресі көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болды. Нысанбай ақынның «Кенесары – Наурызбай дастаны» 1875 жылы сұлтан Жантөриннің тәржімасымен «Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбаларында» орыс тілінде жарияланды. ХХ ғасырдың 30-жылдары М.Әуезов «Хан Кене» пьесасын, 60-жылдары И.Есенберлин «Қаһар» романын жазды. 1888 жылы Ташкентте «Кенесары мен Садық» деген атпен шыққан Кенесарының баласы сұлтан Ахмет Кенесариннің естеліктер жинағы да құнды еңбек болып табылады. Кеңес үкіметі тұсында Кенесарының күрес жолына іргелі ғылыми зерттеу арнаған тарихшы-ғалым Е.Бекмаханов саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Кенесары Қасымұлы тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан тәуелсіз мемлекетке жеткеннен кейін ғана қолға алынды. 2002 жылы Кенесары ханның туғанына 200 толуына орай халықаралық ғылыми конференция өтті. Астана қаласында Кенесары ханға ескерткіш қойылған және оның атымен аталатын көше бар. Кенесарының жасағы көп ұлтты болды .онын қол астында башқұртар да, татарлар мен қарақалпақ,түркімен, өзбек қырғыздар да қару-жарақ жасап, оқ-дәрі әзірлеп , соғысқа қатысып әртүрлі жұмыс ,әскери қызмет атқарды .Шайқастарда қолға түскен тұтқындарға да Кенесары қорлық- зорлық көрсетпеді . Тұтқында болған урядник Андрей Ивановтын айтуынша , тұтқындар отын дайындау мен құдық қазу жұмыстарына ғана жегілген. Кенесарының бұйрығымен тұтқындар әртүрлі ауылдармен жеке байларға таратылып берілген . Кенесары тұтқындардың қожайындарынан оларды жақсылап тамақтандыруды , зәбірлемеуді үнемі талап етіп отырыпты. Атақты Шыңғыс ханның 27-інші ұрпағы, Абылай ханның немересі, қазақ халқының соңғы ханы – Кенесары Қасымұлы 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келіп, 1847 жылы Қырғызстанның Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік – Сеңгір аңғарында шейіт болды. XIX ғасырдың 30-40 жылдарындағы Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейінгі бабаларымыздың елі мен жерінің біртұтастығын қорғап қалудағы қатты наразылығы, қазақ мемлекеттігінің тарихындағы ұлы оқиға болды. Көтеріліс қан төгусіз болмайды. Қалың елі – қазағының Тәуелсіздігі жолында ұлт-азаттық көтерілісінің басшылары қатаңдық та танытқан, сатқындарды жазалап та отырған. Бұл орайда профессор Мәмбет Қойгелдиев былай дейді: «Он жылға созылған егес барысында Кене хан мен патша әкімшілігі арасында қазақ бұқарасына ықпал үшін тынымсыз күрес жүрді. Кене хан Батыс Сібір генерал-губернаторына жолдаған хатында:«… Мен, әрине, өз жағыма Баянауыл, Қарқаралы және Ақмоладағы өз халқымның біразын алдым, алда әлі де халқымызды өз жағыма тартпақ ниетім бар», – деп ашық мәлімдеді. Міне, осы мақсатқа жету жолында қарсылық жетекшісінің тізесінің жеке ауыл, ірі сұлтан мен байларға батқаны рас. Бұл репрессиялық шараларға бара отырып, Кенесары Қасымұлы бүкіл қазақ қоғамын өзіне бағындыруға, ал отаршыл әкімшілік жағында болған немесе өзін қолдағысы келмеген жеке сұлтандарды жазалауға барды, сол арқылы қоғамды ортақ мүддеге жұмылдырудан үміттенді». Кенесары Қасымұлының күрес жорықтары, дипломатиялық қарым – қатынастарына терең ой жіберген адам оның жаңа замандағы жаңа саяси жағдайда өзінен бұрынғы Есім, Тәуке тәрізді қазақ хандарының жалпы түркістандың бірлік үшін күрес дәстүрін жалғастырғанын, ол бастаған көтерілістің Орталық Азия кеңістігіндегі антиимпериалистік қарсылықтың алғашқы көрінісі екендігін айқын аңғарады. Расында да Кенесарының осындай мақсат–мүддені көздегеніне нақты бір дәлел, қырғыз тарихшысы ғалым Белек Солтонаевтың екі кітаптан тұратын «Қызыл қырғыз тарихы» атты еңбегінде Кенесары ханның 1846 жылғы көктемде Жетісу жеріне келгенінде қырғыздармен бітім жасасып, отарлаушы орыс империясына қарсы күресуге шақырғандығын баяндауы. Яғни, Кенесары хан сол жолы «қырғыздармен өзара елдесейік деген ниетпен… қырғыздың басшы адамдары Жангарач, Жантай, Тыналы, Төрегелді деген кісілеріне елші жіберген. Сонда жіберген елшінің аталған кісілерге айтқаны: «Орыс деген көп ел, беттескен жауын талқандап, жеңіп, қаптаған селдей болып, Еділ – Жайықты кешіп, Оралдан өтіп, Сарыарқада сыңсып жатқан қалың қазақты алып, Ертістен шыға Ілеге жақындап қалды. Әлі-ақ Алатау, Іле, Шу бойларына ат қояды. Арыны өте қатты, әскері өте көп, қырғыз-қазақ ежелден ел шетінде, жау бетінде ылғи да бір едік, жақсылық-жамандығымыз, қуаныш-сүйінішіміз ортақ, мал-жанымыз аралас ел едік. Жауға қарсы бірге қамданайық! Қазақ-қырғыз бір болсақ, Ташкент, Қосқан, Самарқан біздің ығымыздан көп алыс кетпейді, мен елшімін, ханымның бұйрығын айттым, егер де бірікпесеңдер сендерге көп күш түсер. Кене ханның тапсырғаны осы сөз». Кенесары хан азаттық үшін айқаста бірге болуға шақырғанымен, патша шенеуніктерімен құпия байланыстағы қырғыз манаптары бас тартып, оның қатыгездігі, жауыздығы жөнінде небір сұмдық өсектерді таратты. Кенесарыға жақ ауылдарды шауып, малын айдап әкетті. Атақты Саурық батырды мерт етті. Оған шыдай алмаған Кенесары 1847 жылы Қырғыз жеріне басып кірді. Тек өз жақтастары ішіндегі опасыздық салдарынан Кенесары қырғыздардың қолына түсті. Батыр аңғал деген ғой. Ағасының қолға түскенін естіген Наурызбай батыр қол жинап, оны құтқару үшін соғыс ашудың орнына, «Ағамнан жаным артық па?» деп өз еркімен Кенесарының қасына барып тұтқынға түсті. Сонда Кенесары: «Қап, батырым, бекер жасадың-ау. Наурызбай бәрі-бір құтқармай қоймайды, деп мені босатқалы отыр еді», – деп қатты өкініпті Мәрт адамның қазасы да таңғажайып қой. Қырғыздар Наурызбай батырды найзаға шаншып, көкке көтеріп: «Наурызбай, енді қалайсың?» деп сұрағанында, ол: «Сенен әлі де найза бойы жоғары тұрған жоқпын ба, сақау қырғыз», – деп жауап беріпті. Ал енді Кенесарыны жазалайтын жерге арқанмен байлап әкеліп, айбалтамен басын шаппақ болғанында ол тауға, күнге қарап тұрып жиналғандардың етжүрегін елжірете ерекше бір қазақ әнін шырқапты… Осылайша Кенесары айуандықпен өлтірілді. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жіберді. Князь Горчаков Кенесарының басын Батыс Сібір бас басқармасындағы «Кенесары бүлігі туралы» іске қосыпты. Кенесары – Наурызбай ұлт – азаттық қозғалысы – қазақ халқының сол кездегі әлеументтік ахуалының айнасы да. Жеке рудың, жеке бастың мүддесінен елдік мүддені жолғары қоя білу санасына әлі көтеріле қоймаған қазақ хақының алауыздығы , күншілдігі, пендешілігі де осы қозғалыстың ұлттық жаппай сипат алуына кесірін тигізді Ал «қай женгенің менікі» деп миығынан күліп отырып алған рулар да аз болмады. Шын мәнісінде ұлттың бірігер тұсы осы еді . Өйткені тәуелсіздіктен қымбат не болып еді?! Сол жағыдаяттарды ойлағанда амалсыз бүгінгі қазақ тұралы ойлайсың. Ұлттың басты белгісі, ұлттың болмысын қалыптастырар Ана тілімізді 20 жылдан бері төрге шығаралмай отырмыз. Бұл тұстада безбүйректер өз ішіміде ала қарғадай жыпырлап ең әзден кеңселерде отыр . Яғни Кенесары күресі жалғасып жатыр деуге болады . Өйткені қазір сана ұлтқа жұмыс істемей тұр . Сол үшін де біз Ардақтыларымыз туралы халыққа айтудан жалықпауымыз керек . Олар ұлт үшін өз өмірлерін қиды . Одан асқан ерлік , одан асқан ұлтжандылық бола ма? Мұхтархан Абаған http://baiolke.com/?p=1782 | |
Просмотров: 1876 | Рейтинг: 0.0/0 |
Всего комментариев: 0 | |
Категории раздела