Главная » 2011 » Ноябрь » 23 » Қоғамды терроризмнен өзін-өзі қорғаудың механизмдері ұсынылды
17:08
Қоғамды терроризмнен өзін-өзі қорғаудың механизмдері ұсынылды
Марат БАШИМОВ, заңгер:

– Шыны керек, бүгінде халқымыз терроризмнен өзін-өзі қорғауға дәрменсіз. Әйтпесе жиырмадан енді асқан жастар нені түсініп, кімге сеніп өзін-өзі оққа байлауда? Олардың бұл тұрғыда сауаты аз болғаннан кейін адасып жүргенін өздері де түсінбей жүр.

Себебі қоғамда халықты патриоттыққа үндеуден гөрі теріс бағытта тәрбиелейтін ақпараттар көп. Мәселен, терроризм жайлы кинолар, роликтер интернет пен теледидарда қаптап жүр. Бұл не сұмдық? Одан гөрі патриоттықты кеңінен насихаттасақ, елін сүйер, елінің ертеңіне сенер адамнан жаманшылық күтпес едік.

Қоғамды терроризмнен сақтау үшін халық болып жұмылу керек. Қоғамға қауіпті адамды байқаған кез келген адам тиісті орындарға хабарлап, өз елінің патриоты ретінде елінің ертеңіне өзі де бейжай қарай алмайтынын білдіруі қажет. Сондықтан дәл қазір бізге халықпен жұмыс істеп, түсін­діру жұмыстарын кеңінен жүргізсек, дұрыс болар еді.
Болат САЙЛАН, Ауған соғысының ардагері, тарих ғылымының докторы:

– Кеңестік кезеңнің бір артықшылығы – патриоттық кеңінен насихатталатын. Мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршінге дейін патриоттықтың идеологиясымен сусындап өсетін. Әрбір өрен елін сүйер ұлан болатын. Ал қазір жастар арасында патриоттық мүлдем насихатталмайды десе болғандай.
Әлдебір идеологияға сенгісі келген халқымыз кім көрінгеннің жетегінде кетіп жатыр. Халқымызды адастырғысы келген сектант та, мемлекетке қарсы пайдаланғысы келген террорист те азаматтарымызды иектеп кетуде.

Сондықтан алдымен халықтың рухани, саяси сауатын күшейтіп, қоғамдық тәрбиелеуді дұрыс жолға қоюымыз керек. Сонда халық кімнің кім екенін айыра алатындай дәрежеге жетіп, террористі алыстан ажыратып, өзін-өзі қорғай алатындай болады. Сондай-ақ шекарамызға берік болуымыз керек.

Өйткені ел ішін қару-жарақтан тазалап алуға болар, ал сырттан үздіксіз кіріп жататын қару-жарақты тоқтата алмасақ өте қиын. Мәселен, Ауғанстан кедей ел болғанымен, ел ішінде қару-жарақ өте көп. Сондықтан ел іші де тыныш емес. Яғни оларға қару-жарақ сырттан үздіксіз кіріп жатыр.

Осы орайда біз де шекарадан енген әрбір адам мен әрбір затқа абай болуымыз керек. Сонда ғана қоғамның қауіпсіздігі үшін алаңдамаймыз.
Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы:

– Терроризм атауы бұрын бізге мүлдем жат дүние еді. Осыған дейін батыс елдерінде, Ресейде орын алған террористік оқиғалардан соң біздің елімізге де келіп жететіні белгілі еді. Бірақ біз тер­­роризм қоғамымызға аяқастынан еніп кеткен сәтте абдырап қалдық.

Бүгінде халқымыздың бойында терроризмді сезініп, алдын алуға ұмтылудан гөрі үрей басым. Сондықтан тиісті орындар халықпен жұмыс істеп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Орын алған оқиғаларға сараптама жасай отырып, терроризмнің төркінінің қайдан шығып жатқанын анықтап, халықты жұмыла жұмыс істеуге шақыру қажет.

Шын мәнінде қоғамды терроризмнен қорғануға дайындау мемлекеттің мойнындағы іс. Біреулер үшін мемлекеттің қарқынды дамып, тез арада халықаралық стандарттарға сай заңын ыңғайлап, қарыштап қанат жайып келе жатуы ұнамай, мемлекеттің ішінде өзара қайшылықтар туындағаны пайдалы болуы мүмкін.

Осыны біз халыққа түсіндіре білуіміз керек. Сонда ғана қоғамның терроризмнен өзін-өзі қорғап қана қоймай, оның алдын алуға жұмыла кірісетінін де байқай аламыз.
Категория: Казахстанские военные новости | Просмотров: 884 | Добавил: Marat | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Статистика

Онлайн всего: 2
Гостей: 2
Пользователей: 0
Календарь